Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 37-аптасы

Әйелдің қал-жағдайы

Болашақ аналардың көбінде ауырсыну немесе сіңірдің тартылу сезімі болады. Бұл қалыпты жағдай, ол жатыр мойнындағы өзгерісті білдіреді, өйткені ол сәбиді өткізуге дайындалып, біртіндеп созылады. Бұрын босанған әйелдерде бұл процесс қарқындырақ әрі ырғақты болуы мүмкін. Осы кезеңде жатыр мойны шамалы ашылуы мүмкін, бірақ бұл дәл қазір босану басталады дегенді білдірмейді. 
Қынаптан бөлінетін бөліндінің түсі мен қарқындылығы өзгереді. Олар қоюлана түседі және кейде қанның аралас келуі байқалады. Бұл қалыпты жағдай, егер бөлінді біртіндеп қан ағуға айналатын болса, жедел жәрдемді шақыртып, перзентханаға бару қажет болады. 
Әйел ішінің қаншалықты созылғанын көреді. Тері қатты созылғандықтан қатты қышу пайда болады, бірақ бұл босанғаннан кейін басылады. Сондай-ақ жамбас пен белдің тұсы қатты ауыруы мүмкін, өйткені төмен орналасқан бала іштің төменгі бөлігін басып қалады. Аяқ-қолдың ісінуі де жүктіліктің осы мерзіміндегі қалыпты жағдай.

Сәби босану жолдарына біртіндеп жылжып, төмен түсіп келе жатқандықтан, әйел келесіні сезуі мүмкін:
Белгілі бір күшпен және мерзімділікпен болатын жатырдың жиырылуы (толғақ).
Бел мен құйымшақ тартып ауыра бастайды.
Су кете бастауы мүмкін немесе қынаптан қанды бөлінді пайда болуы мүмкін.
Нәжіс сұйықтау болады.
Салмақ түсе бастайды, әйтсе де бұл жағдайда тәбет сақталып, тіпті күшейе түседі.

Сәбидің дамуы

Жақын арада босанатыныңызға қарамастан, балаңыз өсуін жалғастырады. Осы мерзімде оның салмағы орташа есеппен үш килограмға жетеді, ал бойы шамамен 50 сантиметрді құрайды. Ол сыртқы әлеммен кездесуге толық дайын. Сәбидің терісі қызғылт түсті және кейбір жерлері ғана майланған. 
Сәбидің терісінің астында жылу алмасуды реттейтін және баланың ас қорыту жүйесі қалыпты тағамға толық бейімделмейінше сәбиге барлық қажетті қоректік заттарды қамтамасыз ететін жеткілікті май жиналды. 
Ұрықтың сүйегі де айтарлықтай қатайды, әйтсе де, оларда кальцийдің жиналуы жалғасады. Бас сүйекте жұмсақтық көбірек сақталады. Бұл сәбидің миды қорғай отырып, босану жолдарымен еркін өтуі үшін қажет. Құлақ жарғағының шеміршегі тығыз әрі майысқақ болды. 
Өкпесі жақсы дамыған, онда балаға өміріндегі алғашқы демін алуға көмектесетін сурфактанттың жиналуы жалғасады. 37-аптада дүниеге келген балалар толық мерзімде жетілген болып саналады. Бұл көпұрықты жүктілікке де қатысты. 
Жатырда жатып, сәби тыныс алуға ұқсайтын қимыл жасауды жалғастырады, бұл жағдайда қағанақ сұйықтығының біраз мөлшерін жұтады. Алайда, дәрігер плацентарлық жетіспеушілікті анықтаса немесе суда меконий анықталса, бұл баланың инфекциялық аурумен ауыруына алып келуі мүмкін. 
Жүйке жүйесінің жетілуі жалғасады. Атап айтқанда, жүйке өзектері жасушаларға импульстарды өткізуді жылдамдататын арнайы қабықпен қапталады. 
Дәл осы кезеңде плацента тозып, сола бастайды, өйткені жақын арада сәбиге оттек пен қоректік заттарды алу үшін оның қажеті болмай қалады. 
Ана босануға дайындық деңгейін міндетті түрде тексеруі тиіс: барлық құжаттар мен перзентханаға арнап жиналған заттарды тағы бір рет қарап шығып, қажет болса, жетпейтін заттарды қосып жинауы тиіс.

Босанудың жаршысы

Босанудың жақын арада басталатынының алғашқы белгісі – іштің төмен түсуі. Алайда, кейбір әйелдердің іші соңғы сәтке дейін  айтарлықтай жоғары тұрады. 
Бала жамбасқа қарай түскен сайын, анасы жайсыздықты көбірек сезеді. Оның белі мен бұтының тұсы қатты ауыруы мүмкін, сондай-ақ ішек пен қуыққа түсетін қысым артады, сондықтан болашақ анаға дәретханаға жиі баруға тура келеді. Босануға мүлдем жақын қалғанда сәби тынышталып қалады. 
Шырышты тығын босануға дейін бірнеше күн, тіпті бірнеше апта бұрын шығады. Бұны міндетті түрде байқайтын боласыз, өйткені тізкиімде ұйыған шырыштың айтарлықтай көлемі қалып қалады. Түсі мөлдір түстен сәл қызғылт түске дейін ауытқуы мүмкін. 
Қал-жағдайдың жақсаруы. Әйелдердің көбі тура босану алдында күш-қуатының артқанын сезеді. Бұрындары әйел үнемі ұйқылы және шаршап жүрсе, енді оның күш-қуаты тасып тұрады. Бұл да босанудың жақындап қалғанының бір белгісі. 
Салмағы мен тәбеті. Босану басталар алдында жүкті әйел шамалы арықтайды. Осылайша ағза қиын жұмысқа дайындалып, кедергі келтіруі мүмкін артық салмақтан арылады. Кейбіреулердің бұл процесс барысында тәбеті толық немесе ішінара жоғалады. 
Судың кетуі босанудың жақындап қалғанының ең айқын белгісі болып саналады, өйткені сұйықтық аққан сәттен бастап, баланың дүниеге келуіне дейін шамамен бір тәулік өтеді. Егер судың кетуі толғақпен қатар жүрмесе, онда босануды ынталандыру үшін дереу ауруханаға бару қажет. Бірақ кез келген жағдайда, судың кетуі – босанудың басталғанының айқын белгісі, сондықтан перзентханаға баруыңыз қажет. 
Іш өту. Кейбір әйелдердің тура босану алдында іштері өтуі мүмкін. Егер бұл процесс іштің төменгі жағының тартуымен немесе толғақпен бірге болатын болса, онда жақын арада босанатыныңызды білдіреді. 
Босанудың ең айқын белгісі толғақ болып саналады. Болашақ ана айтолғақтың не екенін біліп, біраз жаттығып алған, бірақ нағыз толғақ анағұрлым күштірек, ырғақты болады және қатты ауыртады. Толғақ жиілей бастағанда міндетті түрде перзентханаға бару қажет.

УДЗ жасау

Болашақ ана тәнінің босануға дайын екендігін бақылау мен нәресте жүрегінің қағысын тыңдау үшін апта сайын гинекологқа барады. Үшінші жоспарлы УДЗ әлдеқайда бұрын жасалды және дәрігерге толық дерлік қалыптасқан сәбидің жағдайын бағалаудың енді қажеті жоқ. 
Алайда, егер үшінші жоспарлы УДЗ-да нәрестенің дұрыс орналаспағаны анықталса, сәби жатысын өзгертті ме, жоқ па, соны көру үшін дәрігер тағы бір зерттеу жасауды ұсынуы мүмкін. Дәстүрлі түрде УДЗ жасағанда сәбидің дене параметрлері өлшенеді, жүрек қағысы тыңдалады және ішкі мүшелерінің даму дәрежесі бағаланады. 
Анасына да көңіл бөлінеді. Дәрігер жүктіліктің еш қиындықсыз өтіп жатқанына көз жеткізу үшін жатырдың жағдайы мен қалай орналасқанын, қағанақ суы мен плацентаның жағдайын тексереді. 
Ана босану алдындағы бос уақытын нәресте күтімі жөніндегі әдебиетті оқуға арнаса болады. Бұл ақпарат міндетті түрде жарап қалады, өйткені сәби дүниеге келгеннен кейін жас ананың сәби күтіміне қатысты көптеген сұрақтары туындайды.

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView