Шомылдыру ережелері Шомылдыру ережелері

Шомылдыру ережелері

Нәрестені шілде суына түсіру

Нәрестені үйде шілде суына түсіру – ата-анасы міндетті түрде еске алып жүретін әсерлі оқиға. Егер бәрін де дұрыс жасасаңыз, суға түсу рәсімін бала тез әдетке айналдырып, одан рақаттанатын болады.

Шілде суына қашан түсіруге болады?

Сәбиді перзентханадан шыққан күні шілде суына түсіруге болады. Шомылумен танысуды қосымша күйзелістің алдын алу үшін бала үйге шыққан күннің ертесіне қалдыруға болады.

Кейбір педиатрлар кіндіктің жарасы жазылғанға дейін ванна қабылдауды кейінге қалдырып, ал оған дейін сулап сүртумен шектелу керек деп кеңес береді.

Шомылдыру үшін не дайындау қажет?

Баланы балаларға арналған анатомиялық ваннаға шомылдырған ыңғайлы. Кішкентай ваннаны үлкен ваннаның ішіне емес, жоғарылау (орындыққа, кір жуғыш машинаның үстіне) қойыңыз, сонда шомылдыру рәсімі кезінде қатты еңкею қажет болмайды.

Суға және орынжайдағы температураны өлшеуге арналған қызуөлшегіш сатып алған жөн. Су сәбидің бойында жағымсыз сезімдер тудырмауы тиіс. Шомылдыруға арналған судың оңтайлы температурасы – 36–37°С, орынжайдағы температура – 20–25°С. Емшектегі балаларға суық тигізіп алуға болмайды, олардың ағзасы жылуды әлі нашар ұстайды.

Шомылдырудың алғашқы айларында ағын суды емес, қайнатылған немесе сүзгіден өткен суды пайдаланған жақсы. Дайын суға итошаған немесе түймедақ шөптерінің қайнатпасын қосуға болады. Қазір баланың кіндігі жазылғанға дейін суды залалсыздандыру үшін марганец ерітіндісін қосатын адам аз. Егер қосатын болсаңыз, сақ болыңыз. Ерітінді қызғылт түске боялу үшін марганец ерітіндісін жеке ыдысқа су құйып сұйылтып алған жөн. Ерітіндіні ваннаға құймай тұрып, ерімеген кристалдар шомылдыруға арналған суға түсіп кетпес үшін оны бірнеше қабат дәкемен сүзіп алыңыз.

Су құюға арналған шөміш пен жұмсақ губка артық болмайды.

Балалар косметикасынан балалар сабыны мен «көзді ашытпайтын» сабынсуды дайындап қойса жеткілікті.

Сәбиді ванна қабылдап болған соң орап алу үшін үлкен жұмсақ сүлгі мен таза киімді дайындап қойыңыз.

Нәрестені қалай, қаншалықты ұзақ және қаншалықты жиі шомылдыру керек?

Сәби ортаның бірден ауысуынан шошып қалмауы үшін суға алдымен аяқтарын салады, басын құлағына су кірмейтіндей етіп ұстайды. Бетіне мүлдем су шашпауға тырысыңыз.

Кәдімгі гигиена үшін 3–5 минутта та жеткілікті, бірақ егер сәбиге шомылған ұнаса, суға түсіру рәсімін біртіндеп 10–20 минутқа дейін созуға болады. Судың температурасын қадағалап отыруды ұмытпаңыз, сәби жаурап қалмауы тиіс.

Баланы күн сайын шомылдыруға болады, бірақ тұрақты күн тәртібін реттеу үшін оны бір уақытта шомылдыруға тырысыңыз. Егер сәби қыңырлық танытса, суға түсу рәсімін нашар қабылдаса, күн ара шомылдыруға болады. Халықаралық стандарттар бойынша балаларды аптасына 2–3 рет шомылдыру жеткілікті. Егер сәби ауырып қалса немесе шомылдыруға сәйкес жағдайлар болмаса, ванна қабылдауды кейінге қалдыруға болады. Осы уақытта сумен ылғалдап сүртіп жүріңіз.

Шомылдырған соң нәрестенің терісіне жасалатын күтім

Су баланың нәзік терісін өте құрғатып жібереді, сондықтан шомылдырып болған соң теріні барынша ылғалдандыру үшін балаларға арналған майды немесе денеге арналған сүтшені пайдалану қажет. Майды тері қатпарларына түгелдей мұқият жағып шығыңыз.

Алғашқы уақытта анаға көмек артық болмас, сәбиді екі адам шомылдырған дұрыс. Шомылдыру барысында үндемей тұрмаңыз, күлімсіреп, тақпақ айтып, әзілдеп тұрыңыз. Бұл баланың суға түсіру рәсімдеріне тез үйренуіне көмектеседі.

Сәбиіңіздің алғашқы шілде суына түсу сәтін естелікке сақтап қою үшін фотоаппаратты немесе камераны дайындап қоюды ұмытпаңыз.

EmptyView