Жүктіліктің 34-аптасы

Әйелдің жағдайы

Отыз төртінші аптаға қарай жатырдың түбі көкірек қуысының астында орналасады. Тыныс алу күннен күнге қиындай түседі, ал бала жүрек түбін аяғымен теуіп, ауыртуы мүмкін. 
Осы мерзімде көптеген әйелдер босануға дейінгі курстарға барып, босануға белсенді дайындала бастады. Босану кезінде жаныңызда кім болатынын, сондай-ақ толғақты жеңілдету үшін ауырсынуды басатын дәрілерді пайдаланасыз ба, жоқ па, соны анықтап алу қажет. 
Әйелдің ағзасында гормондар деңгейі көбейеді. Бұл бүкіл денеде түктің белсенді өсуіне алып келеді. Бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Босанғаннан кейін гормондық фон қалпына келеді, ал артық түктер кетіп қалады. 
34-аптадан бастап жүкті әйел жатыр мен ұрықтың жағдайын мұқият қадағалау үшін дәрігерге апта сайын бара бастайды. Көп жағдайда сәбилер басын төмен қаратып орналасады, бірақ сирек жағдайларда теріс қалыпта орналасуы мүмкін. Бұл босану кезінде қиындық тудыруы мүмкін, бірақ сәби әлі де қажетті қалыпқа ауысып орналасуы мүмкін. Кез келген жағдайда, білікті акушер баланың дұрыс орналаспауы босану кезінде қиындық тудырмайтындай жағдай жасай алады. Дегенмен, анаға кесар тілігі түріндегі босанудың балама нұсқасы ұсынылуы мүмкін.

Сәбидің дамуы

34-аптада ана жатырындағы балалар дүниеге жаңа келген нәрестелерге ұқсайды. Бойы 45 сантиметрді құрайды, ал салмағы екі килограмнан асады. 
Балаға анасының іші тар болып кеткен, сондықтан оның қозғалу белсенділігі айтарлықтай азаяды. Бірақ ана баланың әрбір қозғалысын мұқият қадағалап, дәл есебін жүргізіп отыруы қажет. Орташа есеппен бала он минутта бір рет қозғалуы тиіс. Осы көрсеткіштерден ауытқу сәбидің жайсыздық сезетінін немесе плацентарлық жетіспеушіліктен зардап шегіп жатқанын білдіреді.

Осы кезеңде плацентада ананың сүт бездерін емізуге дайындайтын гормондар белсенді түрде шығарыла бастайды. Плацентада бұл уақытта тозу процесі басталады, әйтсе де ол әдеттегідей сәбиді қоректік заттармен және оттекпен қамтамасыз етіп тұрады. 
Нәрестенің сүйегінде кальцийдің жиналуы жалғасады. Егер ол жетіспейтін болса, сәбидің сүйектері өте жұмсақ болады. Кальцийдің шамадан тыс болуы да пайдасын тигізбейді. Бұл жағдайда сүйектер өте жылдам қатайып кетеді. Бұл босану барысында бала мен ананың жарақаттануына алып келуі мүмкін. Сондықтан, егер әйел кальцийі бар дәрумендерді қабылдайтын болса, ол дәрігерден кеңес алып, мөлшерлемесін қайта қарастыруы қажет.
Босануға дайындықтың басы

Дәрігерге қаралу жиілейді және тұрақтанады. Болашақ ана өзі үшін маңызды сұрақтардың бәріне жауап алуы тиіс, өйткені дәрігердің жазбаларын өз бетімен түсіну өте қиынға соғуы мүмкін. 
Кейбір жағдайларда дәрігер жүктіліктің қалыпты өтіп жатқанына көз жеткізу мақсатында осы мерзімде қосымша УДЗ тағайындайды. Бірақ көп жағдайда бұл емшара қажет емес. Егер ата-анасы нәрестенің жынысын әлі күнге дейін білмейтін болса, дәрігер-УДЗ маманы оларға бұл ақпаратты бере алады. 
Әйел босануға моральдық тұрғыдан дайындалып, әрекеттерінің айқын көрінісін жоспарлап алуы тиіс. Осы процесті неғұрлым жиі елестететін болсаңыз, сол жағдайда жөнін табу соғұрлым оңай болады. 
Осы сәтте перзентханаға алып кететін заттар салынған сөмкені жинай бастаған жөн. Қажетті заттар тізімін дәрігерден анықтап алуға болады. Жиналуды соңғы апталарға қалдырмаңыз, өйткені қашан босанатыңызды ешкім де білмейді, ал толғақ басталғанда болашақ ана не алып, не қоярын білмей, сасқалақтап қалады.

УДЗ жасау

Болашақ аналардың көбі осы мерзімге қарай үшінші жоспарлы УДЗ-ны жасап, босану уақытын асыға күтіп жүр. Алайда, жеке клиникалық жағдайларда, қосымша емшара жасауды тағайындайды. 
Көп жағдайда, осы мерзімдегі УДЗ-ны сәбидің бойын, салмағын, қалай орналасқанын дәл өлшеу, сондай-ақ жатыр мен плацентаның күйін бағалау үшін жасайды. Сондай-ақ УДЗ арқылы гипоксияның дамуын немесе баланың дамуындағы басқа ауытқуларды жоққа шығаруға болады.

 

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView