Ананың тамақтануы Ананың тамақтануы
Жаңа туған нәресте - huggies.kz - icon 01

Ананың тамақтануы

Жас аналардың көбі бала емізу кезеңіндегі рационның ерекшеліктерін білгісі келеді. Бала емізетін әйел мен оның сәбиі үшін қандай өнімдер пайдалы, ал неден бас тарту қажет? Бала емізетін әйелдің диетасы неден тұрады?

Бала емізетін әйелдің босанғаннан кейінгі рационы

Бала емізетін әйелдің тамақтануы бүкіл бала емізу кезеңінде барынша дұрыс әрі пайдалы болуы тиіс. Босанғаннан кейін бірден өнімдердің көбі нәрестенің ішінің бұрап ауыруына, іштің кебуіне және аллергиялық реакцияға алып келуі мүмкін. Себебі сәби үшін емшек сүті – үйреншікті емес тағам. Сәбидің ас қорыту жүйесі жаңадан жұмыс істей бастайды, оған шамадан тыс жүктеме жасауға болмайды.

Емізу жөніндегі мамандар босанғаннан кейін кері әсер бермейтін өнімдерді ғана пайдалануға кеңес береді. Суға пісірілген әртүрлі ботқалар жақсы болады: қарақұмық, сұлы, егер баланың дәретке баруына қатысты проблема туындамаса, онда күріш ботқасын да беріп көруге болады. Пісірілген ет (қоян, күркетауық, тауық немесе бұзау еті) жақсы сіңіріледі. Бала емізетін әйелдердің барлығының сүйікті пайдалы тағамы – пешке піскен алма (жасыл сұрыптары). Көкөністен жасалған сорпаларды, жаңа піскен бананды, галетті піспенанды, кептірілген нанды жеуге болады.

Босанғаннан кейінгі алғашқы күндері сұйықтық ішу жайында бірыңғай пікір жоқ. Жеке жағдайды қадағалап отыру керек, егер сүт өте тез келе бастаса, омырау толып кеткеннен ауыру сезімдері пайда болса, онда тәулігіне 1 литр сұйықтықтан артық ішпеу керек және баланы жиі емізу керек. Егер өзіңізді жақсы сезінсеңіз, ағзаның сусыздануының алдын алу үшін қалағаныңызша су ішіңіз. Кәдімгі немесе газдалмаған минералды су, ащы емес шай, жеміс қақтарынан жасалған компот ішуге болады.

Диета қажет пе?

Әрине, бала емізетін анаға диета сөзсіз қажет. Алайда, бала емізу кезіндегі диета – бұл тек атауы ғана, яғни бүкіл дәмді тағамдарға қатаң шектеулер мен тыйымдар салынады дегенді білдірмейді. Бала емізетін ананың диетасы дұрыс теңгерімді тамақтанудың жалпы қағидаттарына негізделеді: пайдалысын көп, зияндысын аз жеу.

Босанғаннан кейінгі алғашқы айда анағұрлым қатаң диета қажет, себебі сәбиіңіз сіздің рационыңыздағы өнімдерге қалай реакция беретінін тек сіз ғана білетін боласыз. Бірақ бір айдан кейін мәзірді әжептәуір түрлендіруге болады.

Баланың жаңа өнімдерге реакциясын қадағалап отыру үшін тағам күнделігін жүргізген дұрыс. Бір бағанға жаңа тағамдарды, ал екіншісіне сіз оларды қабылдағаннан кейін нәрестенің оған қандай жауап қайтарғанын жазып отырыңыз. Рационға жаңа өнімдерді 3 күнде 1 рет енгізіп отыру қажет. Егер қандай да бір өнімге баланың үстінде бөртпе, тітіркену, іштің шаншып ауыруы немесе іштің кебуі пайда болса, онда оны уақытша жемеген дұрыс. 3–4 аптадан соң қайта жеп көру қажет, мүмкін реакция болмайтын шығар. Сәби өсіп жатыр, оның асқазаны әртүрлі дәм ерекшеліктері бар сүтті қалыпты қабылдай бастайды.

Кейбір өнімдер (пияз, сарымсақ) емшек сүтіне үйреншікті емес иіс пен дәм беруі мүмкін, бұл сәбилерге ұнай бермейді. Ал кофеин баланың жүйке жүйесіне қоздырғыш әсер береді, содан бала қыңырлық көрсетуі мүмкін.

Қатер төндірмей, күшті аллергендерді жемеген дұрыс, олар: цитрус, шоколад, сиыр сүті, жұмыртқа, қызыл түсті жеміс-жидектер. Консерванттар мен тағамдық бояғыштар аллергия тудыруы мүмкін, сондықтан жас әрі табиғи өнімдерді тұтыныңыз. Әрине, ағзаңыз қабылдай алмайтын өнімдерді пайдалануға болмайды.

Ананың бала емізу кезіндегі дұрыс тамақтануы

Бала емізу кезіндегі тиімді дұрыс тамақтану – пайдалы, алуан түрлі мәзір. Сәбиіңіз екеуіңіз жақсы қабылдайтын тамақтың бәрін жеуге болады. Шектен шығып кетпеңіз: екі адам үшін тамақтануға және сымбатыңды тезірек қайтару үшін аш жүруге болмайды. Азғана порциялармен, бірақ жиі тамақтаныңыз (күніне 5–6 рет).

Жаңа піскен жемістер мен көкөністерді жиі жеңіз. Майсыз балық еті мен еттен бас тартпаңыз. Ашыған сүт өнімдері аллергиялық реакциялар тудырмайды (сүт өнімдерінен айырмашылығы).

Майлы, тұзды, қуырылған, қақталған немесе консервіленген тамақты жемеуге тырысыңыз. Фастфуд пен экзотикалық тағамдардан бас тартыңыз. Тәтті және пісірілген нан өнімдеріне шектеу қойыңыз.

Сусындардан алкоголь (спирт сүттің құрамына тез еніп, сәбидің жүйке жүйесіне кері әсер етеді) мен тәтті газдалған су ішуге болмайды, оның құрамында тұтас химия мен қант, лимонадтан сәбидің іші кебетін болады (аллергия да беруі мүмкін).

EmptyView